KZ

Эндаумент қорларын қалай құруға болады

Бүгін Алматыда эндаумент қорларының жұмысы және түлектерді білім беру мекемелерінің дамуына тарту мәселелерін талқылауға арналған іс-шара өтті. Кездесу Білім беруді тұрақты дамыту қорының бастамасымен өтті.

Залда еліміздің жетекші мектептері мен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ НЗМ, Shoqan, Hightech Academy, ҚазМУ, New generation school, Haileybury, Мирас, IQanat және BINOM, Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының, «Дара» қорының, Болат Өтемұратов қорының және т.б. қайырымдылық ұйымдарының құрушылары мен басшылары жиналды. Негізгі спикер ретінде EdCrunch конференциясының бағдарламалық директоры Нұрлан Қиясов сөз сөйледі.
Іс-шараны AITAS Холдингінің басшысы, ауылдық жерлердегі табысты әлеуметтік жобалардың бастамашысы Серік Толықпаев ашты. Серік Толықпаев қазақстандық әріптестерін білім беруді институционалдық дамыту және фандрайзинг мәдениетін қалыптастыру ісінде бірігуге шақырды.

«Мен АҚШ жетекші жоғары оқу орындарына барған кезде осы қаржыландыру моделіне таңдандым. Бұл модель Батыста қалыптасу мен дамудың барлық кезеңінде өзінің сәттілігін көрсетті. Өз кезегінде, біздің ауылдық білім беруді дамыту жөніндегі бағдарламаларымыз бен жобаларымыз ауылдық жерлерді дамыту арқылы бүкіл елдің дамуындағы орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Біз бұл бастаманы заңнамалық, кадрлық және ресурстық қамтамасыз етуді қалыптастыру кезеңінде қолдауға дайынбыз», - деді кездесудің бастамашысы Серік Толықпаев.
Нұрлан Қиясов фандрайзинг технологиясының, эндаумент қоры жұмысының және түлектерді білім беру ұйымдарын дамытуға тартудың сәтті кейстерімен бөлісті. Ол АҚШ, Ұлыбритания және Ресейдің жетекші университеттері мен мектептерін мысалға ала отырып, бюджеттен тыс қаржыландыру көздері ретінде эндаумент қорын толықтыру бойынша жүйелі жұмыс жасаудағы өз тәжірибесі туралы айтып берді.

«Фандрайзинг және эндаумент қорлары дамудың кез келген бағдарламалары мен жобаларын тұрақты және ұзақ мерзімді қаржыландырудың кепілі болып табылады. Қазақ халқы әрқашан жебеушілік, қонақжайлық және қайырымдылық мәдениетімен және дәстүрімен ерекшеленді. Бізде қайырымдылық индустриясы мен эндаумент қорларын құруда үлкен жасырын әлеует бар. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен Серік Толықпаевтың өзі бүгінгі Қазақстан үшін осы жаңа индустрияны дамытуда қозғаушы және біріктіруші күш болып табылатынына өте қуаныштымын», - деп бөлісті Нұрлан.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар келешекте Қазақстанның эндаумент қорлары қауымдастығын құру және халықаралық конференцияны өткізу мүмкіншілігін талқылады.